№8 қалалық емханасының статистика бөлімінің жетекшісі Молдамырза Санжар Сейітқалиұлының айтуынша, 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде бірқатар маңызды өзгерістер күшіне енді. Атап айтқанда, әлеуметтік маңызы бар аурулар бойынша диагностика, бақылау және емдеу тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі аясында көрсетіледі. Ал созылмалы аурулары бар азаматтарға медициналық қызметтер МӘМС жүйесі арқылы ұсынылады.
Оның сөзінше, бұл өзгерістер Мемлекет басшысының 2024 жылғы Жолдауында қойылған міндеттерді іске асыру мақсатында енгізілген. Президент тапсырмасына сәйкес, бюджет мүмкіндіктеріне сай және халыққа қажетті медициналық қызметтердің қолжетімділігін қамтамасыз ететін бірыңғай базалық медициналық көмек пакетін қалыптастыру көзделген. Осы бағытта жүргізілген жұмыстар нәтижесінде 2025 жылдың шілде айында МӘМС жүйесіне қатысты өзгерістер мен толықтыруларды қамтитын заң қабылданды. Заң нормалары кезең-кезеңімен күшіне еніп, әлеуметтік маңызы бар және созылмалы аурулар тізіміне қатысты өзгерістер 2026 жылдан бастап қолданысқа енгізілді.
Молдамырза Санжар Сейітқалиұлының атап өтуінше, жаңа тәртіптің басты ерекшелігі – әлеуметтік маңызы бар ауруға күдік туындаған жағдайда қажетті тексерулер азаматтың сақтандыру мәртебесіне қарамастан жүргізіледі. Бұған дейін мұндай мүмкіндік тек туберкулез бен АИТВ инфекциясына күдік кезінде ғана қарастырылған. Ал енді қатерлі ісік, бауыр циррозы секілді қауіпті аурулар да осы тізімге енгізілді.
Сондай-ақ туберкулез, АИТВ, қатерлі ісіктер, созылмалы вирустық гепатиттер, бауыр циррозы, психикалық және мінез-құлықтық бұзылыстар, орфандық аурулар, жүйке жүйесінің дегенеративті және демиелинизациялаушы аурулары, эпилепсия, жедел миокард инфаркті мен инсульт сияқты дерттер бойынша тексеру мен емдеу тегін жүргізіледі. Бұдан бөлек, әлеуметтік маңызы бар және кең таралған ауруларды ерте анықтауға бағытталған барлық скринингтік тексерулер, оның ішінде онкологиялық скринингтер де азаматтардың сақтандыру мәртебесіне қарамастан қолжетімді.


