Адам жанына шипа сыйлап, үміт сәулесін жағатын ақ халатты абзал жандар өмірдің нағыз қаһармандары. Солардың бірі -№8 қалалық емханасының білікті дәрігері Қыстаубай Айжан Қыстаубаевна. Өз ісіне адал, жүрегі мейірімге толы жан медицина саласын жай мамандық емес, өмірлік жол, асыл міндет деп біледі.
-Дәрігер болу бұл тек білім мен білікті талап ететін кәсіп емес. Бұл жүрек қалауымен, жан қалауыңмен келетін мамандық. Мен үшін дәрігерлік адамның жан дүниесіне үңіліп, оны түсіне білу, емдеу ғана емес, демеу болу. Ауру адам саған тек дәрі емес, үміт сұрап келеді. Сол үмітті ақтау біздің басты міндетіміз, – дейді Айжан Қыстаубаева.
Ол өзінің мамандыққа деген адалдығын күнделікті ісімен дәлелдеп келеді. Қаншама жанға үміт сыйлап, талай отбасыны қуанышқа бөлеген дәрігердің өмір жолы жастарға үлгі.
Жас талапкерлерге тілек:
-Егер сіз медицина саласына қадам басқыңыз келсе, ең алдымен жүрегіңізге үңіліңіз. Бұл жолда тек мықты білім ғана емес, төзім, сабыр, адамға деген шынайы жанашырлық қажет. Нағыз дәрігер тек денені емес, жүректі емдей алатын жан. Егер осы қасиеттер өзіңізден табылса, онда бұл жол сіз үшін!.
Қыстаубаев Айжандай дәрігерлердің жан жылуы мен кәсібилігі қоғамның ең басты байлығы. Осындай жандардың арқасында денсаулық сақтау саласы алға басып, адам өмірі арашаланып келеді.