Баршаңызды Ұлыстың ұлы күні

Баршаңызды Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!

Наурыз – жыл басы. Күн мен түн теңелетін, төрт-түлік төлдеп, ақ молаятын, тіршілік жаңарып, өмір жаңғыратын, ниет түзеліп, көңіл кеңейетін мезгіл.

Бұл күні кеңпейіл, жомарт халқымыз салт-дәстүр мен ұлттық құндылықтарымызды кеңінен дәріптеп, ақ тілектері мен жылы лебіздерін жаудырып, ізгілік пен түсіністіктің жарқын үлгісін көрсетеді.

Әз-Наурызда бір шаңырақ астында ұйысып, татулықты ту еткен ұлттар мен ұлыстар берекелі бірлігі мен мызғымас ынтымағын айғақтай түседі.

Қадірлі достар!

Өздеріңізге белгілі, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Наурыз жаңа сипатқа ие болды, мерейлі мерекенің мәні мазмұндала түсті.

Өскелең ұрпақтың санасына сәуле шашып, нұр құюда терең рухани-мәдени мәнге толы мейрамның маңызы зор!

Өңірде «Наурызнама» онкүндігі кең көлемде атап өтілді. Тұжырымдама аясында ынтымақ пен бірлік мұратын көздеген іс-шаралар жарасым тауып, жалғаса түсуде.

Наурыз мерекесінде әр шаңыраққа шаттық, бақыт, бақ-береке, молшылық тілеймін!

Ұлыстың ұлы күні баршаңызға құт әкелсін!

Еліміздің ырысы еселеніп, ынтымағы нығая берсін!

Өріс малға, үй жанға толсын!

Ұлыс оң, ақ мол болсын!