Емханалар мен стационарлардағы медициналық көмекке қолжетімділікті арттыру мақсатында ҚР Денсаулық сақтау министрлігі халықаралық стандарттарға сай, диагностикалық рәсімдерді оңтайландыру жұмыстарын жүргізді. Жаңа стандартқа сәйкес, стационарға жатқызылатын науқастарды емдеуге қажет негізгі 13 зерттеу анықталды. Жаңа стандарттың артықшылығын Алматының №8 емханасының эпидемиолог-дәрігері Мадина ТУАШЕВА тарқатып айтып берді.
– Стационарға жатқызылатын науқастардың емі шұғыл және жоспарлы ем болып бөлінеді. Жоспарлы емдеуге жатқызу – бұл шұғыл медициналық араласуды қажет етпейтін созылмалы аурулар мен өмірге қауіпті емес жағдайлардың көрсеткіштері болған кезде науқастарды стационарға емдеуге жіберу. Стационарға алдын ала жоспарлы түрде жататын науқастар әуелі бірқатар зертханалық анализдер тапсырып, аспаптық зерттеулерден өтеді. Егер бұрын бұл талдаулар, зерттеулер және дәрігер-мамандардың қорытындылары 10 күнге жарамды болса, енді бұл мерзім 14 күнге дейін ұзартылды. Сонымен қатар, кейбір зерттеулердің нәтижелері 1 айдан 6 айға дейін созылады. Яғни, бұл емхана үшін де, емделуші науқас үшін де өте тиімді. Өйткені, жоспарлы ем алуға дайындалып жүрген науқастың қажетті анализдері, зерттеулер қорытындысы стационарға жеткенше өз күшін жойып, уақыты өтіп кетіп, сол анализдерін 10 күннен кейін қайта тапсыруға мәжбүр болады. Енгізіліп отырған өзгерістің бір тиімділігі осы. Сондықтан бұл жаңа стандарт науқас үшін де, емхана үшін де тиімді. Мәселен, емханамызда 21 күн сайын стационарға жатып ем алатын науқастарымыз уақытын үнемдейді, ал емхана қажетсіз шығындардан арылып, қаражат көзін тиімді пайдаланады.