Тұмауға қарсы егу науқаны басталды

Қыркүйектің 25-інен бастап №8 қалалық емханада тұмауға қарсы екпе егу науқаны басталады.

Халықты иммундау үшін тұмауға қарсы «Гриппол+» вакцинасының 7500 дозасы алынды.

«Гриппол+» инактивацияланған вакцина Ресейде өндірілген және құрамында тұмау вирусының А (H1N1 және H3N2) және В қосалқы типінің штамдары бар.

Егуге бірінші кезекте медицина қызметкерлері, медициналық мекемелерде есепте тұрған балалар, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, жүкті әйелдер мен 60 жастан асқан адамдар жатады.

Негізгі ауруға байланысты тұмаудың неғұрлым ауыр түріне бейім адамдар да вакцинациялануы керек.

Вакцинация науқаны қараша айының соңына дейін жалғасады. Тұмауға қарсы екпеден кейін толық иммунитетке жету үшін екі апта қажет. Осы уақыт ішінде тұмау және басқа вирустық ауру белгісі бар адамдармен қарым-қатынасты шектеген жөн.

Дәрігерлер тұмау асқыну мен өлім қатеріне байланысты қауіпті екенін еске салады. Егер кейбір адам тұмаумен ауырғанда, бірнеше күн ғана қиналса, тұмау нәрестеге, қарт адамға және иммунитеті әлсіреген адамға жұқса, оларда ауру қатты асқынып, тіпті өлімге әкелуі мүмкін.