Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін енгізу шеңберінде №8 Қалалық емхана медбикелері МӘМС мәселелері бойынша халық арасында түсіндіру жұмыстарын күн сайын жүргізуде. Әсіресе емхана маңындағы адамдар көп шоғырланатын жерлерде тұрғындар үшін көрнекілік парақшалар мен ақпараттық жарнамалар таратылып, тұрғындардың көкейіндегі өзекті сұрақ – “МӘМС жарнасынан кім босатылады” деген басты сұраққа жауап берілді.
Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру – МӘМС) – бұл ауру, жарақат, жүктілік және босану, мүгедектік және қарттық болған жағдайда халықтың денсаулығын сақтаудағы мүдделерін әлеуметтік қорғау нысаны. ҚР МӘМС туралы Заңына сәйкес Қазақстан азаматтары, ҚР аумағында уақытша немесе тұрақты тұратын заңды тұлғалар мен шетелдіктер МӘМС қорына аударымдар мен жарналар төлеуге міндетті.
Қорға жарналар төлеуден төмендегілер босатылады:
- балалар;
- жүктілікке және босануға, жаңа туған баланы (балаларды) асырап алуға байланысты, бала (балалар) үш жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты демалыстағы адамдар;
- зейнетақы төлемдерін алушылар, оның ішінде Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектері;
- “Алтын алқа”, “Күміс алқа” алқаларымен марапатталған немесе бұрын “Батыр ана” атағын алған, сондай-ақ І және ІІ дәрежелі “Ана даңқы” ордендерімен марапатталған көп балалы аналар;
- мүгедектер;
- орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары білім беру, сондай-ақ жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында күндізгі оқу нысанында оқитын тұлғалар;
- әскери қызметшілер;
- арнаулы мемлекеттік органдардың қызметкерлері;
- құқық қорғау органдарының қызметкерлері.