Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру

№8 Қалалық емхана қызметкерлері арасында бөлім меңгерушісі Ж.Ж.Сейдалиева МӘМС жұмыстары жайлы семинар өткізді. Семинардын мақсаты медицина қызметкерлерін МӘМС жайлы тұрғындарға ақпарат беру мен сұрақтарына тұжырымды жауап беру дағдыларына үйрету. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) – бұл денсаулық сақтау саласындағы әлеуметтік мүдделерді қорғаудың мемлекеттік жүйесі. МӘМС Қазақстанның барлық сақтандырылған азаматтарына медициналық және дәрілік көмекті қамтамасыз етеді.

МӘМС жүйесінде сақтандырылған азаматтар қандай медициналық көмекке жүгіне алады?

  • Алғашқы медициналық-санитарлық көмек амбулаторлық және стационарлық жағдайда тегін көрсетіледі. Оған профилактика, диагностика, аурулар мен жағдайларды емдеу, жүктілікті бақылау, медициналық манипуляциялар кіреді.
  • Мамандандырылған және жоғары технологиялық медициналық көмекке арнайы әдістерді қолдануды және күрделі медициналық технологияларды қажет ететін профилактика, диагностика және емдеу шаралары кіреді.
  • Жедел медициналық көмек шұғыл және күттірмейтін жағдайларда медициналық ұйымдардан тыс, ал шұғыл медициналық араласуды қажет ететін жағдайларда (келеңсіз жағдайлар, жарақаттар, улану, күрделі науқастардың кенеттен асқынуы) амбулаторлық немесе стационарлық жағдайда көрсетіледі.
  • Жоспарлы медициналық көмек стационарлық жағдайда пациенттің өміріне қауіп төндірмейтін аурулар кезінде көрсетіледі.
  • Дәрілік қамтамасыз ету – амбулаторлық-емханалық көмек көрсету кезінде.
  • Мейірбикелік күтім – ауру салдарынан өз-өзіне қызмет ете алмайтын, бөгде адамның әрдайым күтіміне немесе қарауына мұқтаж тұлғаларға.
  • Паллиативтік көмек – жазылмайтын, өміріне қауіп төндіретін, ауру барысы ауыр науқасқа шалдыққан пациенттің өмір сапасын барынша жақсартуға бағытталған.

Мемлекет Сіз үшін келесі жағдайларда төлем жасайды:

егер мына санаттардың біріне кіретін болсаңыз, автоматты түрде медициналық сақтандыру қорының қатысушысы боласыз:

  • балалар;
  • “Алтын алқа”, “Күміс алқа” алқаларымен наградталған немесе бұрын “Батыр ана” атағын алған, сондай-ақ І және ІІ дәрежелі “Ана даңқы” ордендерімен наградталған көп балалы аналар;
  • Ұлы Отан соғысына қатысушылар мен оның мүгедектері;
  • мүгедектер;
  • жұмыссыз ретінде тіркелген адамдар;
  • интернат ұйымдарында білім алып және тәрбиеленіп жатқан адамдар;
  • орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары білім беру, сондай-ақ резидентура нысанындағы жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында күндізгі оқу нысанында білім алып жатқан адамдар;
  • бала (балаларды) тууға, жаңа туған баланы (балаларды) асырап алуға байланысты, бала (балалар) үш жасқа толғанға дейін оның (олардың) күтіміне байланысты демалыста жүрген адамдар;
  • жұмыс істемейтін жүкті әйелдер, сондай-ақ бала (балалар) үш жасқа толғанға дейін оны (оларды) іс жүзінде тәрбиелеп отырған жұмыс істемейтін адамдар;
  • зейнеткерлер;
  • қылмыстық-атқару (пенитенциарлық) жүйесі мекемелерінде (қауіпсіздігі барынша төмен мекемелерді қоспағанда) сот үкімі бойынша жазасын өтеп жүрген адамдар;
  • уақытша ұстау изоляторларындағы және тергеу изоляторларындағы адамдар.

Бұған қоса, әскери қызметкерлер, арнаулы мемлекеттік органдардың қызметкерлері; құқық қорғау органдарының қызметкерлері жарна төлеуден босатылады, алайда олар ведомстволық жүйе мекемелерінде медициналық қызмет ала алады.

Семинар барысында медицина қызметкерлері МӘМС жүйесіне қатысты маңызды сұрақтарға жауаптар ала алды.