Алматы қалалық №8 емхана дәрігерінің айтуынша, емізудің ана мен бала денсаулығына тигізер пайдасы көп.
«Омырау сүтімен емізу әйелдің эстроген гармонының деңгейін төмендетеді. Бұл сүт безі мен аналық без обырының даму қаупін азайтады. Сүйектерді нығайтуға және болашақта остеопороз қаупін азайтуға көмектеседі. Емізулі әйелдерде 2 типті қант диабетінің даму қаупі төмендейді. Нәрестені омырау сүтімен емізсе әйел босанғаннан кейін тезірек қалпына келеді, себебі бұл процес жатырдың жиырылуын тездетеді және қан кетуді азайтады. Сонымен қатар, ана өз нәрестесімен арасында үлкен байланысты сезінетіндіктен, оның психологиялық жағдайы да жақсарады», – дейді тәжірибелі педиатр, №8 қалалық емхананың бөлім меңгерушісі Малғараева Ұлболсын Көкелқызы.
Әйелдердің омырау сүтімен емізуден бас тартуының көптеген себептері бар. Мысалы, ананың немесе баланың аурулары, лактация проблемалары немесе емшек сүті арқылы жұғатын аурулар т.с.с. медициналық мәселелер. Одан бөлек, әлеуметтік немесе психологиялық факторлар болуы мүмкін. Мысалы, отбасы немесе жақындары тарапынан қолдаудың болмауы, қоғамдық орындарда емізу кезінде туындайтын қолайсыздық, жұмысқа қайта оралу ниеті немесе емізу процесіне қанағаттанбау. Әрбір әйелдің бұл мәселеде өз таңдауын жасауға құқығы бар екенін және оның шешімін құрметтеп, қолдау қажет екенін есте ұстаған жөн. Дегенмен, қадам жасамас бұрын, қарсы көрсеткіштер ықтималдығын ескеру қажет.